Сенбі, Шілде 26, 2014
Қаріптің өлшемі
Өмірі Зиялы қауымның пікірі ДОСТЫҚТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ


ДОСТЫҚТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ


2009 жылдың жазында «Диалог Еуразия» Платформасының ұйымдастыруымен бір топ қазақ қаламгерлері түбі бір, тегі бір туысқан түркі елінде сапарда болып қайттық. Айтулы сапардың біз үшін танымдылығы мен әсері өте мол болды. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, туысқан халықтың өткен бай тарихымен әлемде өзіндік орны бар мәдениетімен, әдебиетімен, өнерімен қайсар да, қарапайым ақ жарқын жандарымен жақынырақ танысудың реті келді.

Алғашқы болып, Измир қаласына ат басын бұрдық. Айтулы қала көлемі жағынан Түркияда үшінші орынды алады. Түркі дүниесінде өзіндік орны бар, тарихы және салт-дәстүрі бай, мәдениеті мен экономикасы өркендеген Измир қаласында 4,5 миллион халық тұрады.

Туысқан түрік еліне келгендегі басты мақсатымыздың бірі – Ислам әлемінде өзіндік адами келбеті, биік беделі бар, көрнекті қоғам қайраткері, әлемдік өркениеттің қазіргі жаңа кезеңінің өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген Фетхуллаһ Гүленнің өмірімен, адамзат игілігі үшін жасап жатқан ізгілікті істерімен танысу болатын. Сондықтан да, алғашқы болып, қаладағы Кестане базары жанындағы Құран үйрету орталығына аяқ бастық. Фетхуллаһ Гүлен 1966 жылы Измир қаласына бас уағызшылыққа тағайындалған соң, осы қасиетті шаңырақта қосымша қызмет атқарады. Сондай-ақ сол күні, Ф.Гүлен дін уағыздаушы болған Борнова мешітінде де болдық.

«Фетхуллаһ Гүленнің жиналған мұсылман қауымының діни сауатын ашудағы еңбегі орасан зор болды. Сондай-ақ оның Ислам дінін насихаттаудағы ықыласы мен шынайылығы тыңдаушыларына қатты әсер етті. Ол Алла алдындағы қызметіне кіріскенде, маңайдағы базардағы қарапайым халық жұмысын тастап, өздеріңіз көріп тұрған Құран үйрету орталығына асығып, мешіт лық толып, көптеген измирліктер аула ішінде отырып, Ф.Гүленнің әрбір сөзін жүрек қалауымен тыңдайтын. Сұрақ-жауап уағыздары Селжук заманында бой көтерген Борнова және бүгінде күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан көне Хисар мешітінде өткізіп, халық оны әрқашан да асыға күтетін болады.

Фетхуллаһ Гүленнің дінді насихаттаудағы ықыласы мен шынайылығы оны тыңдағандарға қатты әсер етіп, «Елім, жерім, дінім, болашағым», – деп мешіттің мінбесінен айтқан уағызына тыңдаушылар ұйып қана қоймай, көздеріне жас алады екен. Содан Түркияның тағдыры өз тағдырымен бір деп білетін ұрпақ қалыптасты», – дейді Халықаралық «Диалог Еуразия» Қоғамдық Қорының президенті Салих Акчай мырза тебірене сөйлеп. Иә, ол Құдайдан қорықты. Қарапайым тірлік кешті. Мешіттің шағын үйшігінде тұрды. Мұнда тамақ ішуге мүмкіндік болса да, Ф.Гүлен басқа жерде тамақтанып жүрді. Оның бұл тақуа өмірі шәкірттері мен қызметте бірге жүрген жолдастарына да ерекше әсер етті.

Арада біраз жылдар өткен кезде Ф.Гүлен мырза өзінің бір естелігінде: «Измирде өткен сол бір өмір кезеңдерім – алтын жылдарым», — деп жазды.
Ф.Гүлен өмірдегі бар ізгілік атаулыны, адамзаттың дамуы үшін атқарылатын игілікті істердің білектің күшімен емес, білімнің күшімен жасалатындығын жақсы түсініп, зиялы жан мектеп ашуға, халыққа білім беру ісіне үлкен үлес қоса білді. Оның тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері жер-жерде жан-жақты білім беретін жаңа үлгідегі мектеп салу жұмыстарын қолға алды.

Измир қаласындағы бой көтерген лицейде болғанымызда, көптеген игілікті істердің куәсі болдық. Оқу орнында шәкірттер түрік және ағылшын тілінде тереңдетілген жүйе бойынша білім алады. Ислам дінінің құндылықтарына да ұстаздар айырықша көңіл бөледі. Оқу сыныптары қазіргі заманның ең озық технологиялық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Шәкірттердің спортпен шұғылдануына, рухани жағынан дамуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Ф.Гүленнің жақын мақсаттас досы, Түркияның зиялы азаматы Юсуф Пекмезжимен білім шаңырағында жолықтық. Атақты Фетхуллаһ Гүленнің: «Алла Жәннатқа кіруге нәсіп етсе, мен Юсуфымсыз Жәннатқа бармаймын», – деп жоғары бағалайтын кісі осы жан болды. Ол сонау, алыстап кеткен 1966 жылдардан бастап Түркияның текті азаматтары Махмут Сарыоғлу, Мұстафа Ок, Мехмет Фидандармен бірге Ф.Гүленнің алға қойған мақсатын орындауға адамгершілік және қаржы жағынан қолдау көрсеткен, қандай қиын-қыстау болмасын, бірге болған азамат. Юсуф Пекмезжи 1992-2006 жылдары Қазақстанда еңбек етіп, қазақ-түрік лицейлерінің ашылуына, бұл білім шаңырақтарының өркендеуіне шексіз үлес қоса білді. Бүгінде қазақ жерінің түкпір-түкпірінде 28 лицей жұмыс істеп, білімді, өнегелі жастар өсіп келеді. Қазақ-түрік лицейін бітірген шәкірттердің 99 пайызы жоғары оқу орындарына түседі екен. Осы жылдар аралығында шәкірттер Республикалық және Халықаралық дәрежедегі оқу олимпиадаларына қатысып, 750-ден астам ең үздік орындарды иеленді.

Юсуф ағаны көбіміз жақсы білетіндіктен, ашық, жарқын-жарқын әңгімелесіп кеттік.
–    Бұл оқу орны Яманлар деп аталады, ал қазақшаға аударғанда Дарындар деген мағынаны білдіреді. Бұл Измир ғана емес, Түркиядағы кәсіпкерлердің демеушілік қолдауымен ашылған алғашқы лицей болғандықтан, бәрімізге ыстық көрінеді. Оқу орнының бітуіне жақын қалған қарбалас күндердің бірі еді... Бірде ертелеп лицейге кіргем, Ф.Гүлен білегін сыбанып тастап, дәліздің плиталарын өзі салып жатыр екен...

–    Хожам (ұстазым), бұл не істегеніңіз, үстіңіз былғанатын болды ғой. Бұл құрылысшылардың міндеті емес пе? – дедім таңғалып.
–    Құрылысшылардан менің қай жерім артық, – деп, ұстазымыз бастаған ісін жалғастыра берді, – деді Юсуф Пекмезжи досын еске түсіріп.
Бәріміз Юсуф мырзаға қосылып, лицейді аралап көруге бет алдық. Баланың аты бала емес пе, шәкірттің бірі үлкен бөлменің біріне қос шұлығын тастап кетіпті. Жол бастаушымыз түк болмағандай, әлгі шұлықты алды да, қоқыс жатқан жәшікке тастады. Бір топ жазушы-журналистердің арасында келе жатып, жасы 70-тен асқан белгілі кәсіпкердің қарапайымдылығына таңғалдым.

Бірде біреу: «Юсуф мырза, қолыңыз боста немен шұғылданасыз?» – деп сұрақ қойды.
«Лицейлердің әжетханасын жуамын», – деді Юсуф мырза жайбарақат. Әзілдеп айтса да, бұл сөздің жаны бар болып шығады. Ол оқу орындарын аралағанда, әжетхананың тазалығына ерекше назар аударады екен. Егер көпшілік келетін бұл орын таза болмаса, басқа да жерлердің көңілдегідей еместігін айтпаса да біліп, ешкімге айтпай-ақ әжетхананы жууға өзі кірісіп кеткенін талай адам көріпті. Оны көрген лицей басшылары ұяттан жерге кіріп кете жаздап, тазалық пен реттілікті бірінші назарда ұстапты.
«Қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. Бүгінде бүкіл дүниежүзі танитын тұлғалы жанның қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне, инабаттылығына осы күнге дейін таң қаламын. Ол өзінің бойындағы тамаша қасиеттері арқылы бәрімізді шыдамды, кешірімді, парасатты болуға, адамдарды құрметтей, сыйлай білуге, ел мен жерді, Отанды шексіз сүйе білуге тәрбиеледі. Сондықтан да, түркі халқы Фетхуллаһ Гүленді құрметтейді, қастерлейді. Өйткені, ол туған халқы үшін, оның бүгіні мен ертеңі үшін отқа да, суға да түсіп жүрген нағыз түрік азаматы, көрнекті дін және қоғам қайраткері», – дейді Юсуф Пекмезжи ұстазы туралы тебірене әңгімелеп.

Бауырымыздың жүрек түкпірінен шыққан сөз- дерін тыңдап тұрып, Ф.Гүлен мырзаның бір ғылыми еңбегінде жарияланған «Кеңпейілді болу – мүминнің асыл қасиеті. Осы қасиетті әрбір мүминнің бойына сіңіре білгені абзал. Өзгелерге жол табудың төте жолы кеңпейілділікте жатқаны анық. Біреуге айтқан ақиқаттың жетімсіреп қалмауы да, осы пейіліңіздің кеңдігі арқылы іске аспақ. Дегенмен, мұның да өзіндік өлшемі бар.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне қанша зұлымдық жасалса да, барынша мейірбандық танытып өтті. Ал өзі емес, өзге жанның құқығы аяққа тапталып, асыл дінімізге қиянат жасалған жағдайда арыстандай айбатына мініп, қашан өзі куә болған әділетсіздіктің көзі жойылмайынша байыз таппайтын. Ухуд шайқасында бұйрыққа бағынудың маңызын түсіне алмаған және өткінші болса да, мұсылмандардың тарыдай шашырап, ақыры әлсіреуіне себеп болған сахабаларға бір ауыз ауыр сөз айтпапты... Жағасынан алып, ақы сұраған адамның өзіне жай ғана күлімсіреп: «Мынаған үлесін беріңдер», – деуі оның кешірімділік пен мейірбандығының қаншалықты терең екендігін дәлелдейтін мысалдардың бір-екеуі ғана. Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өткеннен кейін Пайғамбарымыздың меккеліктерге жаппай кешірім жариялауы бүгінгі дәуірдегі адамдардың түсіне де кірмейтін, мәні мен мағынасы өте терең ізгілік болса керек. Иә, шындығында да Алла Елшісінің (с.ғ.с) кеңпейілділігі түпсіз тұңғиық болатын», –  деген ойлы сөздерін есімізге түсірдік.
Измир қаласының дәл жанынан басталатын таудың көрікті жеріне орналасқан мейрамханада Түркияның белгілі кәсіпкері, Ф.Гүленнің досы Алладин Нәдір біздің делегация мүшелеріне қонақ асы беріп, жылы қабылдау болып, екі туысқан елдің арасындағы ағайындық қарым-қатынас, түркі дүниесін жақындатудағы атқарылып жатқан игі істер туралы шын ықыласты әңгіме болды.

«Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, қазақтың ата дәстүрі бойынша Алладин Нәдір мырзаның үстіне ұлттық шапан жапқанымызда, ақсақал жас балаша қуанып, көзіне жас алды. Бұл алыстағы қазаққа, басқа түркі тілдес халықтарға деген сағыныштан шыққан көз жасы екендігін бәріміз де іштей ұғып тұрдық.
«Енді менің де шапаным бар. Қазір үйге барғанымда апаларың: «Өзің айнымаған қазақ болыпсың ғой» деп қуанатын болды», – дейді ақсақал бізбен қимастық сезіммен қоштасып жатып.

Біз түрік бауырымызбен ыстық қауышудың жүрек тебірентер сәттерін қарап тұрып, 1993 жылы Тұрғыт Өзалдың қасиетті Түркістан жеріне келген сапарын есі-мізге алдық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал тікұшақпен келіп, көне қаланың үлкен алаңына қонғанда жиналған халықтың түркі дүниесіндегі өзіндік орны бар екі тұлғаға деген, ықыласы мен сүйіспеншілігі ерекше еді. Тұрғыт Өзалдың келу құрметіне арналған салтанатты жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Президентіне ата салты бойынша алтынмен өрнектелген қымбат шапан жапты. Сол сәтте, Тұрғыт Өзал дәл Алладин Нәдір ақсақалдай жас балаша қуанып, ерекше шаттанып еді...

«Рахмет, түбі бір тегі бір, түркі дүниесі қара-шаңырағының иесі қазақ бауырларым! Ыстық ықыластарыңызға шексіз ризамын, осы бір жүрек тебірентер шақты менің ата-бабаларым сандаған жүз жылдар бойы күтіп еді, армандап еді, сол бақытқа мен ие болып тұрмын. Түріктердің қазақ халқына деген ыстық ықыласына, ақ тілегіне шек жоқ. Ғасырлар бойы күткен тәуелсіздіктеріңіз баянды болсын! Қазақтың мерейі әрқашанда биік болып, бақытқа кенеле берсін! Мен сендерді сағынып келдім, аңсап келдім. Егер құшағыма сыйса, Түркістанды бауырыма қысып, Түркияға алып кеткен болар едім», – деген сөздерін тебірене есімізге алдық.

Измир қаласынан жетпіс шақырым қашықта жатқан Иса пайғамбардың анасы Мариям тұрған үй дүниежүзіндегі өте құнды ескерткіштердің бірінен саналады. Ұлы анаға – тағзым ету үшін әлемнің төрт құрлығынан адамдар күн құрғатпай көп келеді. Мұнда көп діннің өкілдері жүр, ағылшындар мен американдықтарды, ирандықтар және үндістерді, жапон мен қытайды, француз бен итальяндықтарды, басқа да ұлттарды осында кездестіресің. Мариям ананың үйінің жанында тұрғанымызда, бізге бір топ азаматтар жақындап, әңгімеге тартты. Сөйтсе, қырым татарлары екен. Туысқан түрік елінде сан жылдар бері тұрып жатқан татар ағайындар бізді жақын тартып, шын пейілдерімен сөйлесіп-шүйіркелесіп жатыр. Түркі тілдерінің ішіндегі қыпшақ тобынан болғандықтан, бір-бірімізді еркін түсіндік. Есімдері де қазаққа өте жақын болып шықты. Топтың жетекшісі әдемі келген татардың келіншегі өзін Нұркүлмін деп таныстырды.

Ыстамбұлда болғанымызда, түрік халқының бір арыс азаматы, бүкіл әлем таныған Тұрғыт Өзалдың зиратына барып, тағзым етіп, Құран бағыштадық. Туысқан түрік халқының айбары асқақтап, гүлденуіне Тұрғыт Өзалдың қосқан үлесі шексіз. Оның ардақты есімі халық арасында Түркияның тұңғыш Президенті Ататүрікпен қатар аталады. Мұндай құрметке кез-келген мемлекет қайраткерлері ие бола бермейді. Фетхуллаһ Гүлен халқының болашағы мен келешегі үшін адал қызмет еткен Тұрғыт Өзалды ерекше құрметтейтін, қастерлейтін. Түркия Экс-президенті де Ф.Гүлен ақсақалды, танымал ғалым, ірі ойшыл, көрнекті діни қайраткер ретінде әрқашанда жоғары бағалайтын.

600 жылдан астам уақытқа созылған Османлының бастауы болған Селжук қаласына бару үшін жолға жиналдық, сан ғасырлардың куәсі болып, басынан талай-талай ұлы оқиғаларды кешірген Селжук қаласының күнге қақталған, желге мүжілген, көне қақпасы бізді алыстан айбарлана қарсы алды. Ерлік пен қайсарлықтың белгісіндей болып қасқайып тұр.

«Араласпасаң жат боласың» демекші, біз көпке дейін түрік бауырларымыз туралы шындық пен ақиқатты білмей келдік. Оған кешегі зұлымдық пен зәлімдікке толы Ресей империясы, тарих бетінен жойылып, өз қабірін өзі қазған Кеңестік дәуір кінәлі еді. Олар бар шындықты жасырумен бірге, тектері бір туысқан түркі халықтарын бір-біріне шағыстырып, айдап салып отырды.

Өткен тарихқа көз жіберсек, Түркияның жұмақтай көрікті жеріне, орасан байлығына кімдер қызықпады десеңші, кімдер көз алартпады десеңші! 1920 жылдарғы азамат соғысында Түркияны жер бетінен жойып жіберу үшін бүкіл Еуропа мемлекеттері жан-жақтан құзғындай шүйілді. Бірақ, батыр, ержүрек халық сұрқия дұшпандарына тізе бүккен жоқ. Бауырларымыз өз тәуелсіздіктерін сақтап қалу үшін 16 000 000 адамды құрбан еткендігін біріміз білсек, біріміз осы күнге дейін біле бермейміз. Бүгінде Түркияда 80 000 000 халық тұрады. Олардың 70 пайыздан астамы түрік ағайындар. Қандай қиын-қыстау күндер болса да, түріктер салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дінін, тілін, бай тарихы мен ата мұрасын сақтап қалды. Өйткені, бауырларымыз елін, жерін шексіз сүйеді, ол үшін қасық қандарын төгуге дейін дайын. Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан мемлекетте Фетхуллаһ Гүлен сияқты ұлтжанды, иманды тұлғалар көптеп кездеседі. Бүгінгі гүлденген Түркияның болашағы да солар.

Амандық болса, мыңдаған жылдық тарихы бар көне Ыстамбұл қаласы әлемнің рухани мәдени астанасы дәрежесіне ие болмақ. Жылдың қай мезгілі болсын, Ыстамбұлға, Түркияның басқа да өңірлеріне туристер дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатады. Өйткені, көне көк түрік жерінде баға жетпейтін ескі ескерткіштер, мәдени және рухани құндылықтар, сирек кездесетін жәдігерлік дүниелер мыңдап кездеседі.

Табиғатының әсемдігімен, аса бай тарихы және мәдениетімен ерекшеленетін бұл ғажайып Ыстамбұл қаласы бір Түркия ғана емес, әлемдегі сұлу да, ертегідей жұмбақ қалалардың бірі. Азия мен Еуропа құрлықтарын жалғастырып жатқан Ыстамбұлда бүгінгі таңда 17 000 000 жуық халық тұрады. Қаланың бір шетінен екінші шеті 170 шақырым жерді алып жатыр.

Ыстамбұлдағы жұмыс сапарымыз өте тығыз әрі танымдылығы мол болды. Алғаш болып, Түркияда үшінші жетекші орын алатын жекеменшік «Саманйолу» (STV) телекомпаниясында болып, оның шығармашылық жұмысымен, тың ізденістерімен таныстық. Айтулы телекомпания алты канал бойынша Түркияға және Батыс пен Таяу шығыс елдеріне сан-алуан тақырыпта хабар таратады.

«Заман» газеті Түрік мемлекетіндегі ең ірі және ең беделді басылымдардың бірі. Бір миллион оқырманы бар газет Түркияның саясаты мен экономикасында, мәдени-әлеуметтік өмірінде маңызды орын алады. Бізді «Жиһан» агенттігінің директоры Абдулхамид Билижи мырза жылы шыраймен қабылдап, Түркия мен Қазақстанның қарым-қатынасы, екі туысқан мемлекеттің ұстанып отырған саясаты, қазіргі таңдағы экономикалық дағдарыспен күресі туралы сүбелі әңгіме қозғалды.

Сондай-ақ, Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени-рухани байланыс, оларды дамытудың жол- дары жан-жақты әңгіме болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өзектілігі мен тиімділігі туралы да әріптестер әңгіме қозғады.

Сол күні Ыстамбұлдың жетекші кәсіпкерлері қабылдаған кездесу болып, екі туысқан елдің экономикадағы бірлесе атқарған істері және түрік бизнестерінің мәдениет және білім саласына қосқан игі істері, оның елдің дамуы мен өркендеуіне қосып отырған үлесі туралы көңілге түйерлік әңгіме болды. Осы кеш Ережеп айының қасиетті түні — Регаип түнімен тұспа-тұс келіп, халық көп жиналған имандылық орнында түрік ағайындармен Аллаға құлшылық етіп, аруақтар атына құран бағыштадық, Жаратқан Иемізден ақ тілек тіледік. Сонымен қатар, бұл кездесуде Қазақ Ұлттық энциклопедиясының Бас редакторы, профессор, белгілі ақын Бауыржан Жақып тарихы тереңде жатқан екі туысқан елдің келешегі мен бүгіні, достығы, рухани бірлігі, болашағы мен келешегі туралы мазмұнды да, әсерлі әңгіме айтып берді.

Фетхуллаһ Гүленнің мұрындық болып құрып, өзі басқарған Жазушылар және Журналистер Қауымдастығында өткен кездесу де өте әсерлі жағдайда өтті. Бұл басқосуға Диалог Еуразия Платформасының теңтөрағасы, түрік елінің белгілі жазушысы Харун Токак, осы қордың Бас хатшысы Исмаил Тас мырза және басқалар қатысты. Харун Токак мырза түркі тілдес халықтардың рухани байлығы — әдебиет, өнер, мәдениет саласын жақындата түсіп, темірқазыққа айналдыруда қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин төрағалық етіп отырған Диалог Еуразия Платформасының атқарып отырған игі істерін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түркімен және т.б. халықтарының көрнекті жазушылары мен ақындарының үздік шығармалары түрік тіліне аударылып, кітап болып шығарылды.

Отырыста Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай және белгілі қазақ жазушысы Асқар Алтай сөз алып, түрік халқының белгілі жазушысы Мехмед Акиф Ерсой, Нежип Фазыл, Ахмет Таңпынардың туындыларын қазақ тіліне аудару, ал, қазақтың үлкен кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» түрік тіліне тәржімалау жөнінде мәселе көтерді.

Бүгінге дейін қазақ оқырмандары Әзиз Несин мен Назым Хикметтің шығармаларымен таныс болса, қазіргі таңда ақын, жазушы Ф.Гүленнің бірқатар еңбектері қазақ тіліне аударылып, оқырмандарының қолына жетті.

Ыстамбұлдың орталығындағы көрікті жерден ойып тұрып орын алған түркітілдес халықтары мәдениетінің орталығында қазақтың киіз үйі алыстан көз тартады. Туысқан халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениеті мен өнерін, әдебиетін насихаттауда Мәуліт Өзкиши басқаратын орталықтың атқарып жатқан  игі  істері  орасан.  Мәдени орталықтың қазақ бөлімінде болғанымызда, түрік елінде жүрсек те, өзімізді Қазақстанда тұрғандай сезініп, көңіліміз қуанышқа бөленді. Ұқыпты қойылған әрбір құнды жәдігерлік дүниелер, құжаттар, кітаптар, фотоальбомдар қазақ елі, қазақ халқы болып сыр шертеді, тарих болып толғанады.

Таныса келе, орталықтың Бас директоры Мәуліт мырза біздің жол бастаушыларымыздың бірі «da Қазақстан» журналының Бас редакторы Мәлік Отарбаев ініміздің ұстазы болып шықты. Мәуліт мырза Фетхуллаһ Гүленнің бастамасымен Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінде қызмет атқарған зиялы жан, ұлағатты ұстаздың бірі. Қазақстанды, оның ішіндегі көне Таразды сағынышпен еске алды. Қазағым, туысым деп жүрегі елжіреп тұр. Қазақша мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, кейбір қазақтар Мәкеңнің жанында жіп есе алмайды.
Сол күні Ыстамбұлдың Еуропа жағында орналасқан аса ірі жоғары оқу орнында болдық. Бүгінде әлемнің 26 мемлекетінен келіп білім алып жатқан университетте 11 000 астам студент оқиды. Түркияның көрнекті, мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл философ, үлкен ұстаз Фетхуллаһ Гүленнің бастамасы бойынша салынған ірі оқу орындарында қазақ ғалымдары дәріс береді. Мұнда білім алатын шәкірттер де баршылық. Осында оқытушы болып еңбек ететін қаракөз қарындасымыз Дамира Ибрагим бізді университеттің бүгінімен және болашағымен жан-жақты таныстырды. Түркиядағы білім берудің жетістіктерін, ғалымдардың ізденісін тілге тиек етті.

Көңілге көп ой түйетін танымдылығы мол сапар аяқталып, түрік елімен, оның қасиетті жерімен, қайсарлық пен ерлікті, ұлылық пен қарапайымдылықты, ізгілік пен адамгершілікті бойына сіңіре білген түрік ағайындармен қоштасатын сәт те келді. Бәріміз де бір-бірімізді қимай тұрмыз. Өйткені, бұл сапар біздерді бұрынғыдан да жақындатып жіберді.
Мақаланың басында айтып өткендей, бүгінгі күннің биік тұлғасы, ірі қайраткері, ойшылы Фетхуллаһ Гүлен мырзаның түркітілдес халықтардың ізгі болашағы ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін жасап отырған игі істерін өз көзімізбен көріп, көңіліміз өсіп, жанымыз марқайып қайтты.

Түбі бір, тегі бір халықтардың бір-біріне деген туысқандық сезіміне, ынтымағы мен рухының бірлігіне, өзара ықыласқа толы қарым-қатынасына алтын көпір салына берсе деген басты ізгі мақсат, ақ тілек, үлкен арман екі жаққа да ортақ болды. Біз соған қуанып қайттық.

Қазір 1362 қонақ онлайнда

Статистика

Қолданушылар : 1
Мақала : 824
Сілтемелер : 4
Мәліметтерді қарау : 1012639

Армандағы болашақ

Адам табиғатын белгілі бір аралыққа сыйғызып, нақты кезеңмен ғана...

Әлемнің тылсымға толы тағылымдары

Иман, үміт және ақыреттегі мәңгі өмірге деген сенімінің тереңдігімен...

Өркениет және құндылықтарымыздың қазіргі бет-бейнесі

Ертеректе «өркениет» деп – адамның өз болмысының мәнін ұғып, өмірден...

Адамзат сүйіспеншілікке мұқтаж

Адамзат уақыт озған сайын жаратылыс негізінен алыстап, адамгершілік...
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6